Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

 

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

 

 

 

 

Филология институты

 

 

Қазақ әдебиеті кафедрасы

 

 

 

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті пәні

бойынша (1900-1920) дайындалған

ЛЕКЦИЯЛАР КУРСЫ

 

Лекциялар мәтіні кафедра мәжілісінде қаралып, талқылаудан өтіп, бекітілді.

№...хаттама. «.....»..........200...жыл.

 

 

 

Шымкент-2008

 

 

 

XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті.(1900 - 1920)

ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарихи жағдай

ХХ ғасыр басы - қазақ халқы үшін жер бетінен жойылу мен тарих аренасында қалу дегендей алмағайып халды алға тартқан күрделі, қысқа тарихи кезең. Бұл тұста шаруашылық пен экономиканың біраз өсуі, теміржол мен сауданың өрбуі, ұлғаюы, ағарту ісінің алға басуы, баспасөздің, баспаның көріне бастауы қоғамдық өмірді едәуір жандандырды. Бұл жағдайлар халықтың рухани өміріне де елеулі әсер етті. Жаңа кезеңдерде әдеби кітаптардың ондап басылып шығуы, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Көбеев, Дөнентаев, Сералин, Ғалимов шығармаларының кітап болып басып бетін көруі, баспасөзде көркем әңгіме, өлеңдердің үнемі жарияланып отыруы т.б. ең алдымен туған әдебиетіміздің оқушысын көбейтті, оның көркемдік талап-талғамын өсірді, тәрбиеледі, оқырманның жеке бір кітап, не шығарма туралы пікірі баспасөзде кең тарап, қоғамдық, эстетикалық ой-пікірлердің қалыптасуына жағдай жасады. Сөйтіп әдебиеттің оқушыны, оқушының әдебиетке тигізген әсері өзара байланыса отырып, нақты нәтижелерін бере бастады. ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті өзіне дейінгі әдебиеттің озық дәстүрлерін, идеяларын жалғастырып, одан әрі дамытты, жаңа кезең талап-тілектерімен байланыстырды. Оқу ағарту тақырыбы, жұртшылықты өнер-білімге, озық мәдениетке жеткізу идеясы өткенде белгілі ағартушылар творчествосынан ғана орын алса, енді бүкіл әдебиеттің жетекші идеясына, бетке ұстар бағытына айналды. Бұл тақырыпта қалам тартпаған бірде-бір ақын болған жоқ. Торайғыров оқудағы мақсат "медреседе жату" емес, "жылтыратып сары түйме, шен тағу" да емес, "миллет көзін ашу" деп ашық жар салды. Ақын кейіпкерін "Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуда" мақсат етуі де тек өнер-білімге, оның халыққа тигізер пайдасына байланысты. Өнер-білім тақырыбы прозада да көріне бастады. Бірақ бастапқы әңгімелер тақырыпты бірден меңгеріп кете алмады. Әңгімелерде оқыған, оқымаған адамды салыстыру, ғылым мен надандықты айтыстыру секілді қара дүрсін тәсілдер орын алды. Әйтсе де іздену босқа кетпей, алғашқы ұзақ әңгіме, повестер оқу-ағарту тақырыбына орай туды. ТЖомартбаевтың "Қыз көрелік" әңгімесінде (автор роман деп атаған) шығарма кейіпкері - Ғайныкамал медреседе оқып, білім алғанының арқасында теңін өзі іздейді, өз тағдырын өзі шешеді, қалың мал құрбаны болып кетпес үшін автор қазақ қызына осы жолды, оқу жолын ұсынады.

Дәуірдің ұлт-азаттық қозғалысы қазақ әдебиетіне бостандық идеясы мен ұранын әкелді. Әдебиетте бұл ең алдымен надандық пен қараңғылықтан бүкіл халық болып құтылу, азаттық алу идеясы арқылы көрінсе, екінші жағынан, жеке адамның бас бостандығы үшін күресінен көрінеді. Жеке адам үшін күрес қоғамның бұл кезге дейінгі бас еркі жоқ мүшесі болып келген қазақ қызының тағдыры төңірегінде өріс алады. Бұл заңды құбылыс еді. Сондықтан да қазақ қызы төңкеріс алдындағы әдебиеттің негізгі геройы болды, осы әдебиетке тән бостандық, азаттық, адамгершілік идеялары соның өмірі мен арманы арқылы көрініп жатты. Оның тағдыры бар ақынды тебірентті, бірақ демократияшыл ақындар ғана оған дұрыс жауап беріп, шешім тапты. А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтар әдебиетіміздегі қазақ әйелінің бейнесін жан-жақты жасаумен бірге, оларды білімге, өнерге үндеді. С.Торайғыров қазақ қызының теңсіздікте отырғанын суреттеп, оларды өз теңдігі үшін күреске шақырып, С.Дөнентаев қалың малдың құлы болған әкенің мейірімсіздігін өлтіре сынайды. Ә.Ғалимов қазақ қызын қызыл гүлге теңеп, оны өз теңіне қосу мәселесін көтереді. Қазақ қызының бостандығы туралы проблема әдебиеттте қоғамдық өмір теңсіздігін ашудың көркем кілті, құралы қызметін атқарды. Осы іздену жолында ірі туындылар пайда бола бастады. М.Сералиннің "Гүлхашима" поэмасы - әйел теңсіздігіне арналған тұңғыш поэма. Мұнда автор сүйгеніне қосыла алмаған Баймағамбеттің өмірі арқылы махаббат теңдігі мәселесін шешуді өмірдің күн тәртібіне үзілді-кесілді қойды. Бұл тақырыптың әдебиетте жетекші идея болғаны соншалық - дәуір шындығын едәуір тереңдей суреттеген күрделі реалистік туындылар "Қамар сұлуда" өмірге екі түрлі көзқараспен қарайтын әке мен бала, ұрпақтың күресі заман рухына сай суреттеледі, жастар жеңіліс тапса да, моральдық жеңіс солардың қолында қалады. "Қалың малда" қазақ қызының бас бостандығы күнбе-күн өсіп келе жатқан таптық қақтығыс, тартыс, күрес фонында бейнеленеді. Төңкеріс жақындаған сайын әдебиеттің өмірмен байланысы оның түбегейлі проблемаларын көтеру дәрежесі арта түсті. Қоғамды бейнелеу тәртібін сынау (С.Дөнентаев "Бозторғай","Заман кімдікі" т.б.), болыстыққа таласуды, әділетсіздікті әшкерелеу өлең, әңгіме, повестерге сыншылдық бағыт берді. С.Торайғыровтың "Кім жазықты" романы революция қарсаңындағы қазақ ауылының әлеуметтік қайшылықтарын бірсыдырғы терең көрсеткен туынды. Мұнда автор феодалдық қоғамның үш буынын бейнелеу арқылы олардың тап ретінде азғындап, құрып бара жатқанын, оның орнына өмірге жаңаша көзқараспен қарайтын адамдардың келгенін бейнеледі. Ш.Құдайбердиев,А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ә.Тәңірбергенов, С.Көбеев, Ә.Найманбаев, М.Қалтаев шығармаларында осы дәуір әдебиетінің алдындағы өнер-білім, талап, еңбек тақырыптары жырланды. Әдебиетте С.Торайғыров, С.Көбеев, М.Сералин, М.Дөнентаев сияқты үлкен ақын жазушылардың еңбек етуі, оны тек жанр жағынан емес, стиль, көркемдік ізденулер тарапынан да түрлендіріп байыта түсті. Абай поэзиясында орныға бастаған реализм дәуірдің азаттық қозғалысымен ұштасып, жаңа сипатқа ие болды. Осы кезеңнің ірі ақындарының бірі С.Торайғыров жаңа заманның жақындап келе жатқанын жан-жүрегімен сезініп, оған жетуге асықты. Алдыда "әлі-ақ атар жарық таң" бар деп дабыл қақты. Болашақ жаңа әдебиеттің жас өкілі С.Сейфуллин сол таңды қарсы алуға "Асығып тез аттандық" деп жырлады. Сөйтіп, өмірдің өзі сияқты әдебиетте де жалғасу, жаңару процесі дамылсыз жүріп жатты, халықтың өмірі мен арманын бейнелеген көркемдік тәжірибесі заманнан заманға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, халықпен бірге ұдайы есею, даму жолдарынан өтіп, кеңестік дәуір әдебиетіне ұласып жатты.

 

Қазақ баспасөзі

ХХ ғасыр басындағы толқулар (1905-1907) оқиғалар қазақ даласында түрліше бағыттағы газет-журналдардың шығуына, сол негізде қоғамдық ойдың жетілуіне біршама жол ашты. Бұл кезге дейін қазақ тілінде шығып тұрған "Дала уалаятының газеті" (Омбы, 1888-1902) ғана болса, 1907 жылы "Қазақ" (Троицк), 1911 жылы "Қазақстан" (Орда) газеттері шығып, ұзамай қайта жабылып қалды. Осылардың ішіндегі Троицкідегі демократиялық бағытта болған "Айқап" журналының шығуы (1911-1915) Қазақстандағы қоғамдық-саяси ой-сананың күрт өзгергендігінің жарқын белгісі болды. Онын редакторы - М.Сералин (1872-1929) еді. Журналдың ағартушылық бағытына 1909 жылы Петербургте басылып шыққан Абай өлеңдерінің әсері тиген еді. "Айқап" журналы сияқты ой-санаға өлшеусіз қызмет еткен "Қазақ газеті" болды (1913-1918). Газеттің редакторы - А.Байтұрсынов болды. Бұл басылымдар өзара тартыста көрінсе де қазақ халқына көрсеткен тарихи қызметі аз болған жоқ.

1917 жылы "Сарыарқа" (Семей), "Үш жүз" (Петропавл), "Бірлік туы" (Ташкент) газеттері шығады. Бірақ олардың ғұмыры ұзақ болмады. Осы мәдени өрлеудің нәтижесінде қазақ халқының арасынан да газет-журнал оқушылар саны арта түсті. Бағыттары әр түрлі болса да, бұл баспасөз құралдарының жұртшылық пікірін оятуға тигізген әсері зор. Мысалы "Айқап" журналы өз маңына прогресшіл-демократиялық бағыттағы жазушыларды топтастырса, "Қазақ" Газетінің төңірегінде де қазақ оқығандары аз болған жоқ. Бұл екі бағытт та Абайдан соңғы кезеңдегі әдебиетіміздің өсіп жетілуіне өзгеше үлес қосты. Сонымен қатар жазба әдебиетке бейімделген Мәшһүр Жүсіп Көпеев "Хал-ахуал" (Қазан, 1907ж.), М.Сералин "Топ жарған" (1900), "Гүлхашима" (1903), Ш.Құдайбердиев "Қалқаман-Мамыр" (Семей, 1912) т.б. қаламгердің жинақтары жарық көрді. Жәдит рухындағы мектептерге арналған тарих оқулығының алғашқы үлгілері де осы кезде басылып тұрды (Тұрғанбаев М. "Пайғамбар заманы" бастырушы Қалжан Қоңыратбаев. Орынбор, 1915ж.). Бұл шығармаларда феодализм мен капиталистік қоғамның саяси тәртібіне сыны, сарыны да бар еді.

Сөйтіп, ХХ ғасыр басындағы сыншыл-реалисттік бағыттағы әдебиет қазақ халқының сана-сезімін жетілдіріп ғана қоймай, оны 1916 жылғы ұлт бостандығы күресін әкелген еді. Қазақ халқына орасан зор рухани күш берген баспасөз ілгері даму үстінде болды. ХІХ ғасырда қазақ тілінде бір ғана газет болса, аталған кезеңде алты газет, бір журнал болды. Сондай-ақ қазақ тілінде ол ғасырда небәрі 70-шақты кітап басылып шықса, ХХ ғасырдың бас кезінде (1907-1917) екі жүзден астам кітап шықты.Солардың ішінде 70-ке жуығы қазақтың сол кездегі ақын, жазушыларының күнделікті тақырыпқа сол заман тақырыбына жазған шығармалары, өлең жинақтары, дастан поэмалары, әңгіме, романдары, оригиналдық шығармалары, бұл әдебиеттің қай жағынан болсын өскенін көрсетеді.

Ең алдымен ғасыр басында қазақтың ақын-жазушылары көбейді. Олар жазба әдебиет стилінде тыңнан, оригиналдық шығармалар жазатын, өзіндік стилі бар ақын көбейді. Бұрын тек өлең-жыр болып келетін, жалаң поэзиялық әдебиет болса, енді жаңа әдебиет жанрлары, яғни прозалық (повестер, роман), драмалық шығармалар көрінді, кәсіби әдебиетке айнала бастады.

 

Әдеби  бағыттар

Қазақ халқының ХХ ғасыр басында шама-шарқына қарай өлең жазып, кітап басып, ел арасында атағы шыққан шығармалары ағартушылық бағыт, көзқараста болған бір топ ақын, жазушылар болды. Олар: Әбубәкір Шоқанов (1858-1912), Мақыт Қалтаев (1865-1916), Нұржан Наушабаев (1859-1919), Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1857-1931), Шәді Жәңгіров (1865-1931), Шәңгерей Бөкеев (1847-1920), Мұсабек Байзақұлы (1849-1932), Нарманбет Орманбетұлы (1860-1918), Тұрмағанбет Ізтілеуов (1882-1939) т.б.

Бұл ақын-жазушылар көп уақытқа дейін кітаби, діншіл, ескішіл бағыттағы ақындар деп аталып келді. Прогресшіл идеясымен әдебиетке келген олар діни қараңғылыққа, надандыққа, ескі оқу-қадымға қарсы шықты: халықты әйтеуір оқытуды, оятуды арман етті, жаңа оқуды жақтады. Ел арасына осы жаңа бағыт идеясын жайды. Яғни, жаңа идеяны - оянушылықты, ағартушылықты жақтады, жаңалық үшін күресті. Бұл ақындар шығыс әдебиетінен нәр-азық, тәрбие-үлгі алды. Өз шығармаларын сол дәстүр бойынша қисса, дастан, мысал, назым етіп жазды. Жалпы ізгілікті, адамгершілікті насихаттады.

ХХ ғасыр басындағы кітап шығарып, газет-журналдарға өлең, жыр,әңгіме, мақала жазып көбірек көрінген, жалпы алғанда ағартушылық-демократиялық бағытта болған ақын, жазушылардың да әдебиеттен алар орны ерекше. Олар: М.Сералин (1872-1929), С.Торайғыров (1893-1920), Әріп Тәңірбергенов (1856-1924), С.Көбеев (1878-1956), С.Дөнентаев (11-894-1933), Бернияз Күлеев (1899-1923), Бекет Өтетілеуов (1881-1925), Әкірам Ғалимов (1891-1913) т.б.

Бұл ақын, жазушылар қазақша-жаңаша, орысша оқыды, дүниежүзілік ғылым, білім алды, қазақтың, Орта Азия халықтарының, татар, орыс әдебиеті мен мәдениетінен үлгі алды, осылардың жақсы дәстүрінде тәрбиеленді, әлеумет қайраткері ретінде танымал болып отырды. Бұлар қазақ арасындағы ескілік қалдығын-дінді, теңсіздікті, патша өкіметінің отарлық саясатын, феодалдық, капиталистік қанауды сынады. Халықты оянуға, саяси, мәдени, шаруашылық жағынан жетілуге, еңбекке, өнер-кәсіпке, оқуға, орыс халқының өнерін, ғылымын үйренуге, отырықшылыққа, қала болуға үгіттеді, халықтың бостандығын, теңсіздігін, бақытты өмірін, әйелдің бас бостандығын, теңдігін аңсады және сол жолда қызмет етті.